Сенатор Ақылбек Күрішбаев ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасына халықтың аз қамтылған топтары үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорын құру туралы депутаттық сауал жолдады.
«Егер бюджет қаражатын ұлғайту мүмкін болмаса, онда аз қамтылған отбасыларды қолдауға көшу керек. Ол үшін халықтың аз қамтылған топтары үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорын қалыптастыру қажет. Азық-түлік тауарларын сатып алуды және оларды сақтау, тасымалдау, өткізу жөніндегі қызметтерді тек отандық тауар өндірушілермен конкурстық негізде фьючерстік келісімшартпен жасасу қажет. Бұл үшін ұзақ мерзімді және жеңілдікті бюджеттік несиелерді бөлу мүмкіндігін қарастырған жөн», — деп мәлімдеді сенатор.
Ақылбек Күрішбаев заңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың нақты тетігі айқындалғанын және осы мақсаттарға бюджеттен 30 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, депутаттарда азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сұрақтар туындады.
«Біріншіден, сауда орталықтарын таңдау қағидаты түсініксіз. Неге тек кейбіреулері ғана жеңілдікті несиеге қол жеткізе алады? Екіншіден, азық-түлік тауарларының бағасы айтарлықтай ауытқыған жағдайда олардың ең төменгі шегін болжау қиын, себебі ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы тек маусым бойынша ғана емес, жыл сайын да өзгеріп отырады», — деп нақтылады сенатор.
Оның пікірінше, сауда орталықтары үшін отандық ауыл шаруашылығы тауарларын ғана сатып алуға міндеттеме жоқ. Осының салдарынан қазақстандық фермерлер өз өнімдерін өткізе алмайды, бюджет қаражаты шетелдік өндірушілерді қаржыландыруға бағытталады.
«Тұрақтандыру қорының бағаны реттеудегі, бюджет қаражатын тиімді пайдаланудағы пәрменділігі күмән тудырады, себебі онда сыбайлас жемқорлық көріністері басым. Менің ойымша, бұл мәселемен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысуы тиіс», — деді Сенат депутаты.