Көкшетауда жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілді. Ол бір-біріне тәуелсіз сегіз блоктан тұрады. Бүгін медициналық мекеменің салтанаты ашылу рәсімі өтті.
Орталықтың жобалық құны 7,2 млрд. теңгені құрады деп хабарланды. Аурухана елеулі жұқпалы аурулармен ауыратын пациенттерді емдеуге арналған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыста коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін барлық шаралар қабылдануда. Олардың бірі біздің жұқпалы аурулар орталығын пайдалануға беру болып табылады. Аталған нысан Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы аясында қысқа мерзімде салынған. Екі айдың ішінде ғана, — деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Клиника бірегей, бір-біріне тәуелсіз 8 блоктан тұрады. Әрбір бөлімше үшін өзіндік желдету және сумен жабдықтау жүйесі қарастырылған. Осылайша, науқастар ағынының араласуына жол бермейді, медициналық қызметкерлер де қиылыспайды, яғни ауруханаішілік жұқтырудың алдын алуға болады.
Жұқпалы аурулар орталығы барлық қажетті талаптарға сәйкес келеді. Орталық заманауи медициналық жабдықтармен, оның ішінде диагностикалық және зертханалық жабдықтармен жабдықталған. Бұл компьютерлік томография, цифрлық көпфункционалды рентген аппараты, жылжымалы рентген аппараты, сараптамалық кластағы ӨЖЖ. Жаңа медициналық мекеменің штаты жасақталды, барлығы шамамен 300 медицина қызметкері тартылады.
Ермек Маржықпаевтың мәліметінше, облыста екінші толқынға дайындық бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Бүгінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп, дәріханалардың қорларын толықтыру үшін 500 млн. теңгеге тұрақтандыру қоры құрылды.
Медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы да жаңартылуда.
Жалпы сомасы 1,8 млрд. теңге болатын 9 медициналық нысанның күрделі жөндеуі аяқталуда. Жыл соңына дейін біз Көкшетау қаласында онкологиялық емхана, Қосшы ауылында ауысымына 100 адам қабылдайтын емхана, Шортанды және Целиноград аудандарында дәрігерлік амбулаториялар енгіземіз, — деді облыс басшысы.
Эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын 4 мыңнан астам медицина қызметкерлеріне 3 млрд. теңге сомасында үстемеақы төленді. Қайтыс болған медицина қызметкерлерінің 15 отбасы және коронавирустық инфекцияға қарсы күреске тартылған 527 медицина қызметкері бірыңғай әлеуметтік төлем алды.
Айта кетейік, бүгін 8 жылжымалы медициналық кешеннің, 38 жедел жәрдем станциясының реанимобильдерінің, 24 патрульдік автокөліктің және 4 өрт сөндіру техникасының кілттері табысталды.