Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі «Hi-tech» операциясының нәтижесі туралы айтты. Жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күні Жамбыл облысының полицейлері интернет-алаяқтықтың сегіз түрлі фактісін анықтады.
Атап айтқанда, «Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны «Инстаграм» әлеуметтік желісінде алтын бұйымдарды сатамын деген желеумен азаматтардың сеніміне кіріп, ақшалай қаражатты алдау жолымен иемденген. Қазіргі таңда бір миллион теңгеден астам сомаға жасалынған алаяқтықтың осындай 15 фактісі анықталды».
Барлық құқық бұзушылық фактілері бойынша ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Естеріңізге сала кетейік, алаяқтық фактісі мүлкі тәркіленіп, бір мың АЕК (2,9 млн теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Жамбыл облысының полиция департаменті әлеуметтік желі пайдаланушыларына интернет-алаяқтық оқиғаларының саны артқанын ескертіп, интернет желісінде сақ болуға шақырады.