Еуропалық Кеңес президентін Қазақстанға сапармен келуге шақырды

Президент Тоқаев Бельгияға сапары кезінде Еуропалық Кеңес басшысымен кездесіп, оны Қазақстанға шақырды.

Тоқаев Бельгияға ресми сапары барысында Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишельмен кездесті, оның барысында Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен перспективаларын жан-жақты талқылады.

Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық салалар бойынша ықпалдастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар коронавирус пандемиясына қарсы күреске, оның ішінде вакциналарды және вакцинация паспорттарын өзара мойындауға қатысты өзекті мәселелер сөз болды, деп хабарлайды Ақорда.

Бұдан бөлек тараптар халықаралық және өңіраралық күн тәртібін, оның ішінде Ауғанстандағы жағдайды және осы елге гуманитарлық көмек көрсету үшін күш жұмылдыру мәселесін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельдің Еуропалық кеңес президенті лауазымындағы көшбасшылығын жоғары бағалап, Қазақстанмен ынтымақтастыққа бағытталған ашық әрі конструктивті ұстанымына ризашылық білдірді.

Мемлекет басшысы соңғы 30 жылда Қазақстан мен ЕуроОдақ арасында өзара сенімге, құрметке және ортақ басымдықтарға негізделген берік қатынас орнағанын атап өтті.

Тараптар 29 бағыт бойынша ықпалдастықтың құқықтық негізін қалыптастыратын Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық  туралы келісімді толық іске асырудың маңыздылығын атап өтті. ЕуроОдақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясының, сондай-ақ ЕуроОдақ – Орталық Азия бағытындағы белсенді диалогтың тиімді жүзеге асырылу барысына оң баға берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, ЕуроОдақ – Қазақстан экономикасына жалпы 160 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған ең ірі инвестор. Ал Қазақстан – ЕуроОдақтың Орталық Азия аймағындағы ең ірі сауда серіктесі. Өзара сауда айналымы 24 миллиард долларға жеткен.

Кездесуде Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы су ресурстары мәселесіне тоқталып, аймақтағы мемлекеттердің гидроэнергетика, ирригация және қоршаған ортаны қорғау саласындағы маңызды мүдделерін теңестіруге бағытталған Халықаралық су-энергетикалық консорциум құру қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Президент еуропалық серіктестерді Қазақстанның бастамасын жүзеге асыруға үлес қосуға шақырды.

Добавить комментарий