Ерлан Омарбеков интернет-алаяқтарының құрбаны болмау жолдарын айтып берді

ҚР ІІМ апталық онлайн-брифинг барысында Ерлан Омарбеков:

«Бүкіл әлемде жоғары технологиялар енгізілуде, маңызды ақпарат кибер-ортада қолжетімді болып, интернет-алаяқтардың қызығушылығын тудыруда. Үш жыл ішінде мұндай қылмыстарды тіркеу екі есеге — 4 мыңнан 8 мыңға дейін артқаны байқалады. Ағымдағы жылы ішкі істер органдары интернет-алаяқтықтың 1700 ісін ашып, шамамен 400 адамды ұстады. Қылмыстардың көпшілігі трансшекаралық сипатта, құрбан бір өңірде, ал алаяқ басқа жерде, кейде басқа елде болуы мүмкін»

Сондай-ақ, ол көптеген адамдарға елеусіз зиян келтірілгендіктен полицияға жүгінбейтінін немесе алданып қалғанын түсінбейтінін айтты. Департамент бастығының айтуынша, бұл факторлар алаяқтарды анықтауға және оларды жауапқа тартуға кері әсерін тигізеді.

«Олар өмірдің жаңа жағдайларына оңай бейімделеді, халыққа қызмет көрсету және қызмет көрсету, банк операциялары, жарнама және сауда саласындағы трендтерді айналымға шығарады. Түрлі құралдар мен тәсілдерді жетілдіреді. Интернет-алаяқтық жасау тәсілдері әртүрлі. Олардың ең көп тараған түрі тауарларды сату немесе қызмет көрсету туралы хабарландыруларды интернет-алаңдарда орналастырумен байланысты. Әдетте, алаяқтар өз құрбандарын төмен бағамен, өнімді немесе қызметті жедел ұсынумен қызықтырады. Сатып алушылардан үшінші тұлғаларға рәсімделген шоттарға алдын ала төлем жасауды сұрайды», — деді Е.Омарбеков.

Департамент бастығының айтуынша, түрлі ұйымдарда үшінші тұлғалардың онлайн-несиелерді рәсімдеу жағдайлары жиілеп кетті.

«Алаяқ интернеттегі хабарландыру иесін тауып, банк реквизиттері бойынша алдын ала төлем немесе толық төлем жасауды ұсынады. Ақшаны тезірек алуды ойлаған хабарландыру иесі өз еркімен онлайн-қарыз рәсімдеуге қажетті дербес деректерін (Аты-жөні, ЖСН, карта нөмірі, жеке куәлік және т. б.) береді. Қылмыскер әдейі жарнамада көрсетілген тауар құнынан жоғары сомада несие рәсімдейді. Сатушының картасына ақша түскен соң алаяқ көп ақша аударып қойыппын деп, айырмасын қайтаруды сұрайды. Ойында ештеңе жоқ сатушы бұл айырманы алаяқтың шотына аударады, содан кейін ғана өз атына несие рәсімделгенін біледі», — деп түсіндірді Е. Омарбеков.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін ІІМ ешкімге өзінің жеке деректерін, пластикалық карталарының реквизиттерін, аударымдар туралы түбіртектерді және оның үстіне кодтар мен кодтық сөздерді бермеуге; тексерілмеген немесе күмәнді ақпарат көздеріне сенбеуге; тексерілмеген тауар үшін алдын ала төлем жасамауға кеңес береді. Тауарды алғаннан кейін төлем жасауға келісу; күмәнді мәмілелер бойынша аударымдарды жүзеге асырмауға, ашық кіріс көзі жоқ қаржылық схемалардан сақ болуы керек; банкинг қызметтерінің құпиясөздерін үнемі ауыстырып, төлем жүйелеріндегі қауіпсіздік шараларын пайдалану керек және шоттағы ақша айналымын тексеріп отыру қажет.

Добавить комментарий