Қазақстанда талапкер-еріктілерге жеңілдіктер берілмек. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Үкімет отырысы барысында ол соңғы жылы волонтерлік ұйымдардың саны 3 есеге, белсенді еріктілер саны 4 есеге артқанын атап өтті.
«Пандемия кезеңінде 500 мыңға жуық азамат волонтерлік қызметке қатысып, 1 млн-ға жуық мұқтаж жанға нақты көмек көрсетілді. 80 мыңнан астам азық-түлік себеті, 4,5 млн медициналық жабдық таратылды», — деді Аида Балаева.
«Осы қалыптасқан ауқымды мүмкіндіктер мен адами ресурсты сақтай отырып волонтерлікті дамытудың Жол картасы аясында еріктілер қозғалысын қолдау биыл да өз жалғасын табуда. Бұл – «Nur Otan» партиясының да сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басымдықтардың бірі», — деп толықтырды MIOR басшысы.
Министр атап өткендей, Жол картасы кешенді іс-шараларды қамтиды. «Атап айтқанда, заңнамалық деңгейде өзгерістер енгізу аясында, оқуға тапсыру мен жұмысқа орналасу кезінде жеңілдіктер қарастыру, волонтерлердің құқықтары мен міндеттерін кеңейту, еріктілердің ең төменгі жас шегін белгілеу және корпоративтік волонтерлік нормалары сияқты жаңашылдықтар қарастырылған», — деп атап өтті Аида Балаева.
Аида Балаеваның айтуынша, Жария талқылаудан өткен заң жобасы 1 шілдеге дейін Үкімет қарауына енгізілетін болады. Бұған қоса, Волонтерлік қызметті қолдау стандарты әзірленіп, оның негізінде мемлекеттік органдарға осы бағыт бойынша тиісті бағыт-бағдар берілетін болады», — деп хабарлады министр.