Қазақстанның Токиода өтетін Олимпиада ойындарының трансляциясын сатып алуға қаражаты жетпеді.
Құқық иесі Олимпиада ойындарын трансляциялау лицензиясының бағасын 2016 және 2018 жылдармен салыстырғанда 123%-ға қымбаттатып жіберген.
Қазақстанның республикалық телеарналары Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарын трансляциялау туралы келісімге келе алмады, деп хабарлайды «Қазақстан»РТРК» АҚ баспасөз қызметі.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігі» АҚ Dentsu Inc.-мен «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» телеарналары арқылы Жазғы Олимпиаданы ел аумағында көрсету бойынша келіссөздерді 2019 жылы бастаған болатын. Тараптар әзірге ортақ келісімге келе алған жоқ. Екіжақты келісімнің ұзаққа созылу себебі, құқық иесінің лицензия бағасын 2016 және 2018 жылдардағы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда 123 пайызға қымбатқа ұсынуы» , — деп хабарлады «Қазақстан» РТРК.
Қазіргі кезде «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» телеарналары қазақстандық спортшыларды қолдау және отандық көрермендерге Олимпиададан жедел ақпарат ұсыну бойынша жан-жақты әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Телеарналардың Ұлттық Олимпиада комитеті мен шетелдік ірі ақпарат агенттіктерінен фото,-видеоматериалдар алу мүмкіндігі қарастырылған.
XXXII Жазғы Олимпиада ойындары Токиода 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 27 түрінен 97 лицензия бар.