Алматы: Белсенді Айдар Мүбәраков аштық жариялады

15 тәулік әкімшілік қамауға алынған оппозициялық белсенді Айдар Мүбәраков аштық жариялады.

Бұл туралы белсенді Арман Иманжанов хабарлады.

«8 желтоқсанда полиция департаментінің ғимаратына сәлемдеме беру үшін келгенбіз. Қабылдау бөлмесінде бізге оның аштық жариялағанын айтып, біз әкелген азық-түлікті «қабылдамайтын шығар» деді. Тым болмағанда суды қалдырайық дегенбіз, бірақ бізге одан да бас тартатынын айтты», — деді ол.

«Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкері 9 желтоқсанда таңертең Азаттыққа Айдар Мүбәраковтың аштық жариялап, тамақ ішуден бас тартқанын растады. Оның айтуынша, Мүбәраков 6 желтоқсаннан бастап аштық жариялаған. «Су ішеді. Қазір жағдайы тұрақты», — деді департамент қызметкері.

Белсендінің қандай талап қойғаны әзірге белгісіз.

5 желтоқсанда Алматы әкімшілік соты Айдар Мүбәрәковты бейбіт жиналыстар өткізу тәртібін бұзды деген айыппен 15 тәулікке қамауға алды (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 6-бөлігі). Сот қаулысына сәйкес, оған 27 қарашада Ғылым академиясы ғимаратының алдындағы «заңсыз митингіге» қатысты деген айып тағылды.

Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні қарсаңында және Жаңаөзен оқиғасының 10 жылдығы қарсаңында Қазақстанның әр өңіріндегі белсенділер полиция тарапынан қудалауға ұшырап жатыр. 7 желтоқсанда Шымкенттегі сот 39 жастағы жергілікті белсенді Ерлан Файзуллаевты бейбіт жиналыстар өткізу тәртібін бұзды деген айыппен 15 тәулікке қамауға алды.

Добавить комментарий