Сәрсенбі, 24 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жыл сайынғы ассамблеясы барысында Ресейдің Украинаға қатысты агрессиялық әрекеттерін, соның ішінде медициналық мекемелерге шабуылдарын айыптайтын қарар қабылданды.
Жетекші батыс елдері ұсынған қарарға 80 ел жақтап, 9 ел қарсы дауыс берді, ал 52 ел қалыс қалды және 36 ел болмады.
Қарар ресейлік агрессияның Украинадағы денсаулық сақтау саласына келтірген залалды бағалауға шақырады.
Ресей Украинадағы денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайды мойындайтын, бірақ қақтығыстағы өз рөлін мойындамайтын альтернативті нұсқаны ұсынды. Алайда бұл ұсыныс қабылданбады.
Дауыс беруден кейін Ресей өкілі ассамблея алдында сөз сөйлеп, ДДСҰ-ның Украинадағы жұмысына қарсы емес екенін, бірақ аталған халықаралық ұйымның «саясиланбауы» керек деп мәлімдеді.