Қазақстан билігі елден цемент шығаруға тыйым алып тасталғанын хабарлады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз орталығы хабарлады.
«Қазақстанда үшінші елдерден цемент әкелуге салынған тыйым 2021 жылғы 23 шілдеден бастап алынып тасталды. Осылайша, цементті клинкерлер, портландцемент, өзге де портландцемент, глиноземді цемент, гидравликалық цементтер (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2523100000, 2523290000, 2523300000, 2523900000) үшінші елдерден жеткізіле алады», — деп хабарлады жұма күні ИИДМ өкілі.
Ведомство өкілдері импортқа салынған тыйымды алып тастау батыс өңірлерде нарықты молықтырып, республика аумағында цемент өнімдерінің бағасы төмендейді деп есептейді.
«Отандық цемент өндірушілерді қолдау үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үшінші елдерден цемент импортына тыйым салу туралы 2021 жылғы 30 сәуірдегі №216 бұйрық шығарған еді. Алайда, қоғамда цемент бағасының өсуіне және оның ішкі нарықтағы жетіспеушілігіне қатысты мәселелер пайда болды. Осыған орай Министрлік сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына аталған тыйымды жою туралы бұйрық жобасын ұсынды. Үшінші елдерден цемент әкелуге салынған тыйымды жою туралы бұйрық аккредиттелген ұйымдармен келісіліп, қоғамдық кеңестің оң қорытындысын алғанын айта кету керек», — деп толықтырды индустрия министрлігіндегілер.