Үшінші тоқсаннан бастап орта мектептердің бітіруші сынып оқушылары офлайн режимінде оқи бастайды. Үшінші оқу тоқсан басталуына жақын қалғанда қазақстандық мектептердің мұғалімдері ауру жұқтыру қаупіне қарамастан, сайлауда жүрді.
«Бұл олардың жеке азаматтық шешімі» — деп түсіндірді Білім министрлігі.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың қатысуымен өткен онлайн-брифингте журналистер 10 қаңтарда дауыс беру пункттерінде қанша педагог жұмыс істегенін сұрады. Каринова мұғалімдерді жұмысқа ешкім тартпағанын айтты.
«Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Оған сәйкес, мұғалімдерді кәсіби міндеттерімен байланысты емес жұмысқа тартуға болмайды. Егер мұндай фактілер болса, бізде білім сапасын бақылау бойынша өңірлік департаменттер бар, олар осындай мәселелерді қарастырады. Егер мұғалімдер тарапынан арыздар түссе, онда тиісті шаралар қабылданады. Ал сайлауға қатысу — әр педагогтың жеке азаматтық шешімі», — деді білім вице-министрі.
Журналистің «Демек, Білім министрлігіне демалыс күні қанша мұғалім жұмысқа шыққаны қызықтырмайма?» деген сауалына Шолпан Каринова жауап бермеуді жөн көрді.
Оның үстіне, келесі күні мұғалімдер мектепке жұмысқа шығуға мәжбүр болды, бірақ оқушыларды оқытуға емес, үй-жайларда дезинфекция жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды. Бұл туралы Білім министрлігі хабардар ма, жоқ па, сонымен қатар бейінді арнайы ұйымдардан мектептерде дезинфекция жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлінді ме, жоқ па ол да нақтыланбады.
Естеріңізге сала кетейік, 10 қаңтарда Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайланды. Сайлау қорытындысы бойынша Nur Otan партиясы ең көп дауыс жинады, Парламенттің төменгі палатасына «Ақ Жол» партиясы мен ҚХП өтті.