Бас мүфти Елбасына ризашылығын білдірді

Қазақстан Бас мүфтиі Наурызбай Қажы Тағанұлы бүгін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтады. Ол республиканың дамуына қосқан зор үлесі үшін Елбасына алғыс айтты.

«Расында тәуелсіз еліміздің əрбір жеткен жетістігінде, бағындырған белесінде Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы жатқанын айту, алғыс білдіру – адамгершіліктен. Біз – адамдар арасындағы алауыздыққа, діндер арасындағы дау-дамайларға тосқауыл қоюға талпынған, тыныштық пен татулықты басты тірек еткен елміз. Бауырмалдық, мейірбандық, достық, қамқорлық сынды құндылықтар – қазақ халқының табиғи болмысында бар асыл қасиеттер», — деп жазды Наурызбай Қажы Тағанұлы өз үндеуінде.

Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздіктің санаулы жылдарында алыс-жақынның арасын жарастырып, діні бөлектерді бір дөңгелек үстел басына жинаған бітімгер мемлекетке айналды.

«Осынау тарихи іске бастамашыл болып, еліміздегі 100-ден астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына топтастыра білген Елбасының ерен еңбегі тарихта мəңгі қала бермек. Елбасы тəуелсіздік жылдарында діни сенімі мен ұстанымы бір арнаға тоғыса бермейтін əлемдік дəстүрлі дін көшбасшыларының басын елордаға қосып, дін қайраткерлерін ортақ мақсатқа үндеді», — деп атап өтті дін қайраткері.

Жоғарғы мүфти Нұр-Сұлтан қаласында əр үш жыл сайын өтетін Əлемдік жəне дəстүрлі дін лидерлерінің съезі жер жүзіндегі діні мен тілі, ұлты мен ұлысы əртүрлі күллі адамзат баласын бірлік пен бейбітшілікке, ымыра мен ынтымаққа ұйыстырған басқосу болып келе жатқаны жасырын емес ​екенін атап өтті.

«Ол кешегі хан-сұлтандарымыздың арманын орындап, жаңа Қазақ мемлекетінің іргетасын қалады. Мемлекетті басқаруда ұлт бірлігін, дін бірлігін бірінші орынға қойып, достық пен келісімнің үздік үлгісін қалыптастыра білді. Аллаға шүкір, осынау сарабдал саясаттың арқасында біздің елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрды», — деді Наурызбай Қажы Тағанұлы.

Добавить комментарий