Мәжілісте бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша заң жобалары талқыланады

Мәжіліс Бюросының отырысында Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен депутаттардың алдағы жалпы отырысының күн тәртібінің жобасы жасақталды.

Палата бірінші оқылымда ғылым мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді талқылауды ұсынды. Депутаттар әзірлеген заң жобасы ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландырудың құқықтық тетігін жетілдіруге, ғылыми әлеуеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Мәжіліс жол жүрісі мәселелері бойынша депутаттық новеллалардың жобасын да бірінші оқылымда қарайды. Заң жобасында көлік құралдарының кейбір түрлерін пайдалану тәртібін реттеу ұсынылады. Сонымен қатар, жалпы отырысқа бірінші оқылымда Каспий теңізіндегі қызметті жүзеге асыруға қатысты түзетулер, сондай-ақ депутаттар ұсынған уран өндіру мәселелері бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Күн тәртібінің жобасына «Нотариат туралы» Заңға депутаттық заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ ратификациялау туралы заң жобасы — Қазақстан мен БАӘ арасындағы екі елшіліктің де қажеттілігі үшін мемлекеттердің астаналарында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға беру туралы келісім енгізілді.

Екінші оқылымда Палата «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын және ветеринария мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қарау ұсынылды.

Палатаның жалпы отырысында бейінді комитеттерге жаңа ратификациялық заң жобалары бойынша қорытындылар дайындау мерзімдерін белгілеу міндеті тұр.

Мәжіліске келіп түскен — Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісім, сондай-ақ ЕАЭО шеңберінде бағалы металдар мен асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісім бар.

Добавить комментарий