Қазақстанның Швеция мен Даниядағы елшісі Қайрат Әбдірахманов ЕҚЫҰ-ның жоғарғы комиссары атанды

Қазақстанның Швеция мен Даниядағы қазіргі елшісі Қайрат Әбдірахманов ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары болды. Бұл туралы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің екі күндік отырысының қорытындысында белгілі болды.

Жиын алғаш рет онлайн түрде өтті. Виртуалды формат қатысушыларға жыл қорытындысын шығаруға, геосаяси жағдайдың өзекті мәселелерін талқылауға және Ұйымның институционалдық дағдарысын шешуге кедергі келтірмеді.

Ағымдағы жылдың шілде айынан бері ЕҚЫҰ-да төрт жетекшінің мандаты тоқтатылды. Бүгін ұзақмерзімді іріктеу қорытындысы бойынша 57 қатысушы мемлекет ортақ шешімге келді. Қазақстанның Швециядағы елшісі Қайрат Әбдірахманов ЕҚЫҰ-ның азшылық ұлттар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары атанды, Ұйымның Бас хатшысы — неміс дипломаты Хельга Шмид, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры — итальяндық Маттео Мекаччи, ал БАҚ бостандығы жөніндегі өкіл ретінде португалдық саясаткер Тереза Рибейра сайланды.

Айта кетейік, қазақстандық дипломат ТМД мен Орталық Азия елдерінің арасында ЕҚЫҰ басшылығының құрамына кірген бірініші өкілі болды.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

  • «Қайрат Әбдірахмановтың ұсынылуын ЕҚЫҰ-ға мүше барлық елдер жылы қабылдады. Бұл Қазақстанға біздің кандидатурамыздың төңірегіндегі ашық байқауда кең қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Сөзсіз, қол жеткізілген консенсус Қазақстанның әлемдегі және Ұйымның өзіндегі беделін мойындау, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда жүргізіп жатқан саяси және демократиялық өзгерістеріне жоғары баға беру және қолдау көрсету болып табылады».

Добавить комментарий