Назарбаев Абу-Дабидің мұрагер ханзадасымен кездесті

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің халқын елдің құрылғанына 50 жыл толған мерейлі тойымен шын жүректен құттықтады.

Біріккен Араб Әмірліктеріне сапармен барған Назарбаев Абу-Дабидің мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы Күштері жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахайянмен кездесіп, оған «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» сыйлығын табыс етті. Бұл туралы бейсенбі күні Назарбаевтың баспасөз қызметі хабарлады.

Назарбаев БАӘ халқын елдің құрылғанына 50 жыл толған мерейлі тойымен шын жүректен құттықтап, аз ғана тарихи кезеңде әр салада биік жетістіктерге қол жеткізгенін айрықша атап өтті. «Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» тапсырды. Ол Тақ мұрагеріне бейбітшілікті, өңірлік тұрақтылық пен орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін берілді.

Өз кезегінде Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Елбасыға және Н.Назарбаев сыйлығын беру жөніндегі комитет мүшелеріне өзінің қызметін жоғары бағалағаны үшін ризашылығын білдірді» , — делінген хабарламада.

Анықтама үшін! «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы 2016 жылы тағайындады. Ол ядролық қаруды таратпауға, ядролық сынақтарды тоқтатуға, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалануға қосқан аса зор үлесі үшін, сондай-ақ бейбітшілік пен достықты, халықтар арасындағы өзара сенімді нығайтуға, мемлекетаралық қатынастарда теңдік пен тең қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған белсенді қызметі үшін беріледі

Добавить комментарий