Қазақстандық әуе компаниялар жолаушыларды қара тізімге енгізе алмайды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Берік Қамалиев қазақстандық әуе компанияларына өз бетінше жолаушыларды қара тізімге енгізуге тыйым салу жоспарланып отырғанын айтты.

Бұл процедура сот шешімі бойынша ғана жүргізіледі, деп есептейді ұсыныс жасаған бастамашылар.

Қазақстандық әуе компаниялары жолаушыларды қара тізімге енгізуді шектеуі мүмкін. Министрлік Мәжілісте көлік мәселелері бойынша заң жобасын ұсынды. Онда қазақстандық әуе компанияларға жолаушыларды тек сот шешімімен ғана қара тізімге енгізуге рұқсат беру ұсынылды.

Аталған ұсынысқа депутат Альберт Рау күмән келтірді.

«Халықаралық тәжірибе қандай? Бізге түрік әуе желілері ұшып келеді. Олар жанжал шығарған адамды тізімге қалай енгізеді? Егер Lufthansa бортында жолаушы ереже бұзса, тасымалдаушы өз бетінше оны тізімге енгізеді. Неге бізде сот шешімі бойынша заң жобасы ұсынылады?», — деп сұрады депутат.

Вице-министр Қамалиевтің айтуынша, қазір Қазақстан әуе компаниялары жолаушыларды қара тізімге енгізу туралы шешімді өздігімен қабылдайды.

«Қазір 99 пайыз жағдайда «Эйр Астана» осылай жасай алады, олардың өз тізімі бар. «Эйр Астанаға» қатысты бір оқиға болды, бір жолаушы әйел Шымкенттен ұшып келді. Ол тіркеу кезінде қорланғанын айтты. Әдетте әуежай қызметкерлері тіркеу жүргізеді, бірақ «Эйр Астана» әуекомпаниясы тіркеуді өзі жүргізеді. Әйел қара тізімге енгізілді. Біз анықтағанымызда, балаларының ары-бері жүгіргені белгілі болды, оның бір баласы — аутист. Басқа да жағдайлар болды. Сондықтан, тек сот шешімі бойынша ғана әуекомпаниялар ережебұзған адамдарды тізімге енгізуі керек», — деп түсіндірді Қамалиев.

Ол әуежайға келгеннен кейін әуе компанияларының өкілдері әкімшілік хаттама жасай алатынын және сот шешіміне дейін құқықбұзушы уақытша қара тізімде болатынын айтты.

«Бізде даулы мәселелер көп. Ол авиация қызметкерлері, әуежайлар мен әуе компания қызметкерлері де жұмылдырылған. Әзірге өтпелі кезеңде осындай түзетуді енгізіп жатырмыз. Біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына нұқсан келтірмеу үшін», — деп атап өтті бірінші вице-министр.

Добавить комментарий