Қазақстандықтар ресейлік «Спутник V» вакцинасының қорқынышты жанама әсерлері туралы хабарламалармен бөлісуде. Суретте екпе салдырғаннан кейін «жанама әсері», яғни, гангрена, псориаз және түрлі жаралар көрсетілген.
Әлеуметтік желілердегі жазбаларда «Спутник V» вакцинасының қорқынышты жанама әсерлері» туралы Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу университетінің 17 жастағы студенті айтқан. Жігітті Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығында зертханалық жұмыстарға тартып, бір сұйықтық беріп, оған жануарлар мен адамдардың қанымен араластыруды бұйырған. Содан кейін ол өзінің ғылыми жетекшісінің компьютеріндегі «Co-19 поб.» папкасындағы қорқынышты суреттерді көрді. Ол суреттерді желіге жариялаған.
Порталдың хабарлауынша, біріншіден, университеттің орталықпен ынтымақтастығы туралы ЖОО-ның сайтында да, ҒЗО платформасында да айтылмаған.
Екіншіден, «әшкерелейтін» материалға бекітілген барлық фотосуреттерді интернеттен ашық түрде табуға болады. Суреттерде гангрена, трофикалық жара, үлкен безеу және тамшы тәрізді псориаз бейнеленген.
Үшіншіден, «Спутник V» вакцинасының клиникалық сынақтары туралы есепте мұндай жағымсыз әсерлер туралы ештеңе айтылмаған. Керісінше, сынақтар препараттың тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдейді.
Төртіншіден, 2020 жылғы қазан айында «Спутник V»-тың әзірлеушілері клиникалық сынақтарға қатысушылардың 85 пайызы жанама әсерлерді мүлдем байқамағанын хабарлады. Қалған 15 пайызда жоғары температура, инъекция орнындағы ауырсыну мен ісік, бас ауруы және бұлшықет ауруы тіркелді. Сынаққа қатысушылардың ешқайсысында айтарлықтай жағымсыз әсер туындаған жоқ.
«Қорытындылай келе, COVID-19-ға қарсы вакцинаның «қорқынышты жанама әсерлері» туралы хабарламалар мен суреттер Желі қолданушыларының ойдан шығарған дүниесі. Бұл ақпараттың дұрыстығын растайтын ешқандай дерек жоқ», — деп жазады басылым.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцина туралы кезекті жалған ақпаратты жоққа шығарған болатын. Бұл жолы қазақстандықтар коронавирусқа қарсы вакциналау кезінде адамдарға чиптер енгізілетіні туралы хабар таратқан болатын. Хабарламаға сәйкес, министрлік заңды түрде «адамдарды роботқа айналдыру» үшін «заң» қабылдамақ».