2023 жылғы 14 наурыз, сейсенбі күні Литва Сеймі ресейлік «Вагнер» жеке әскери компаниясын террористік ұйым деп танитын қарар қабылдады, деп хабарлайды BNS агенттігі.
Қарарда «Вагнер» мен оның жауынгерлері мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндіретіні, сондай-ақ Украинаға қарсы агрессия қылмысын жасау үшін Ресей билігінің қолдауымен құрылған кез келген жалдамалылар тобын пайдалануды айыптайтыны айтылған. Сеймнің барлық 117 мүшесі қарарға бірауыздан дауыс берді.
Ресейдің «Вагнер» жеке әскери компаниясын РФ президентімен байланысы бар Евгений Пригожин құрды және ол Ресей билігінің көлеңкелі құралы болып табылады. Қарарға сәйкес, Ресей Федерациясының 2022 жылы Украинаға әскери баса көктеп кіруі басталғалы бері «Вагнер» мүшелері Украинаның бейбіт халқын өлтіру және азаптау, тұрғын үйлер мен басқа да азаматтық нысандарды бомбалау секілді ауыр агрессия қылмыстарын жасауда. Сондай-ақ, құжатта Ресейдің әскери қақтығыстарда жеке әскери және күзет компанияларын жиі пайдаланып жатқаны айтылған .
Қарардың бастамашыларының бірі Лауринс Кащюнас мұндай компаниялар Литваға қарсы шектеулі операциялар жүргізуі мүмкін деп мәлімдеп, басқа да елдерді «Вагнерді» террористік ұйым деп тануға шақырды. Қарарда Литва үшін терроризмнің алдын алу туралы нақты критерийлері бар заң қабылдау қажет екені атап өтілген, соның негізінде үкімет немесе уәкілеттігі бар мекеме террористік ұйымдардың тізімін, сондай-ақ қолданыстағы заңнамада айқындалған санкцияларды бекітеді.