Қазақстанда Жер кодексі, дербес деректер туралы және бәсекелестік мәселелері жөніндегі заңға түзетулер қабылданады

Сондай-ақ, осы айдың соңына дейін мемлекеттік және жеке операторларды құруға мораторий енгізу туралы Президент Жарлығының жобасы әзірленеді.

Президенттің экономикалық белсенділікті қалпына келтіру, инвестициялар тарту және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру үшін үш заңнамалық акт қабылданады, деп хабарлады Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Әсет Ирғалиев.

Мемлекет басшысы барлығы 68 тапсырма берді. Оларды іске асыру үшін дербес деректер және оларды қорғау туралы, бәсекелестік мәселелері жөніндегі заңдар, сондай-ақ Жер кодексіне енгізілетін өзгерістер қабылданатын болады. АӨК дамыту, су ресурстарын басқару және «2021-2025 жылдарға арналған Жасыл Қазақстан» бойынша үш ұлттық жобаны бекіту көзделуде.

Бес кешенді жоспар әзірленетін болады:

  • шекаралардағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл;
  • оффтейк-келісімшарттар мен реттелетін сатып алулар арқылы өндірістерді құру және кеңейту;
  • Екібастұз қаласын 2025 жылға дейін дамыту;
  • азаматтарға вакцинация жүргізу;
  • мектепке дейінгі білім беруді дамыту шаралары.

Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын іс жүзінде іске асыру үшін нақты шаралар әзірленді.

  • Мамыр айының соңына дейін салық-бюджет саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізіледі. Ұсыныстарды әзірлеу үшін «Атамекен» ҰКП және салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі сарапшылар қоғамдастығының қатысуымен жұмыс тобы құрылады. Нәтижесінде бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға негізделген экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруды ынталандыру үшін салықтық шаралар пакеті дайындалатын болады. Сондай-ақ мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз ету, олардың орнықтылығын, сондай-ақ қабылданатын бюджеттік шешімдердің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды көздейтін 2030 жылға дейінгі жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасының жобасы құрылатын болады.
  • Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша шараларды әзірлеу үшін «Атамекен» ҰКП мен сарапшылар қоғамдастығының қатысуымен жұмыс тобы құрылады. Бір ай ішінде әзірленген шоғырландырылған ұсыныстар экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына енгізілетін болады.
  • Мемлекеттік қолдау алған бизнес субъектілерінің әрқайсысы бойынша мониторингтің бірыңғай қағидалары әзірленетін болады. Сондай-ақ көп өлшемді және серпінді мониторинг жүйесі қалыптастырылады.
  • Өңірлік саясат саласында Қызылорда облысының экономикасын әртараптандыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
    Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары өзектендірілетін болады, оған өңір экономикасының жаңа құрылымын қалыптастыру жөніндегі шаралар енгізіледі.
  • Мүдделі мемлекеттік органдар мен Павлодар облысы әкімдігінің қатысуымен Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары әзірленетін болады. Кешенді жоспарды Павлодар облысының мәслихаты ағымдағы жылдың қыркүйек айында бекітеді.
  • Бюджет қаражатын үнемдеу үшін биылғы жылы мемлекеттік аппараттың қосалқы қызметтерін (кадр, қаржы және әкімшілік-шаруашылық қызметтер, сондай-ақ ІТ-қамтамасыз ету) орталықтандыру және оңтайландыру жүргізілетін болады. Нақты мерзімдерін көрсете отырып, көмекші қызметтерді орталықтандыру және оңтайландыру жөніндегі шараларды іске асырудың Жол картасы әзірленетін болады.
  • Осы айдың соңына дейін «Мемлекеттік және жеке меншік операторларды құруға мораторий енгізу туралы» Президент Жарлығының жобасы әзірленеді.

Добавить комментарий