ҚР Ұлттық банкі берген деректерге сәйкес 2020 жылғы қарашаның соңында банк жүйесіндегі депозиттер 21,9 триллион теңгені құрап, 2020 жылдың басынан бері теңгедегі салымдардың өсуі есебінен 15,3 пайызға артты.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.
«Ұлттық валютадағы салымдар 23,1 пайызға — 13,3 триллион теңгеге дейін, валюталық салымдар — 5,1 пайызға өсіп, 2020 жылғы қарашаның соңында 8,6 триллион теңгені құрады. Соның нәтижесінде депозиттерді долларландыру деңгейі 2020 жылғы қарашада 39,3 пайызға дейін төмендеді», — деп хабарлады Досаев.
Сондай-ақ, Досаев экономикаға берілген несиелер 2020 жылдың басынан бері 5,6 пайызға өсіп, ұзақ мерзімді несиелердің өсуі нәтижесінде 2020 жылдың қараша айының соңына 14,65 триллион теңгеге жетті.
«Қысқа мерзімді несиелер 3 пайызға немесе 60,5 миллиард теңгеден 2,1 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Бизнестің несиелік портфелі 2020 жылдың басынан бері 1,2 пайызға артып, 7,29 триллион теңгеге дейін жетті. Бизнестің теңгелік кредиттері бойынша ставкасы 2020 жылғы қарашада 11,9 пайызды құрады, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша — 11,6 пайызды, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша — 13,1 пайызды құрады», — деді Досаев.
Сонымен қатар, Досаев 2020 жылдың басынан бері халықтың несиелері 10,5 пайызға — 7,36 триллион теңгеге дейін артқанын хабарлады.
«Олардың құрылымында тұтынушылық қарыздар 3,2 пайызға 4,3 триллион теңгеге дейін, ипотекалық қарыздар 27,8 пайызға 2,3 триллион теңгеге дейін өсті», — деді ол.
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы 2020 жылы теңгенің айырбас бағамы 10 пайызға әлсірегенін айтты.