Қазақстанда шамамен 800-ге жуық ауыл әкімі сайланады деп жоспарлануда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар тәуелсіздік алғаннан бері ел тарихында алғаш рет ауыл әкімдерін өздері сайлай алатынын еске салды.

Тоқаев Ақордада алдағы ауылдық елді-мекенде атқарушы билік басшыларын сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы хабарлағандай, бірінші кезекте 729 ауыл әкімі сайланады, ал жыл соңына дейін жергілікті билік органдарының тағы 46 басшысын сайлау қажет.

«Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастаманы былтырғы Жолдауында көтергенін еске салды. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде бұл жұмыс жүзеге асырыла бастады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізді.

«Алдағы сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев партиялық бәсекені күшейту мәселесіне назар аударды. Партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуға тиіс екеніне баса мән берді.

«Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды», — деді Мемлекет басшысы.

Добавить комментарий