Қазақстан билігі пластик қалдықтарды елден шығаруға тыйым салды. Шектеу 14 маусымнан бастап күшіне енеді және алты айға есептелген.
2022 жылдың 14 маусымынан бастап Қазақстан аумағынан ПЭТ қалдықтарын шығаруға тыйым салу күшіне енеді. Шектеу алты айға есептелген, деп хабарлады Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.
«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2022 жылғы 27 мамырдағы «Полиэтилентерефталат қалдықтарын шығаруды реттеудің кейбір мәселелері туралы» № 289 бұйрығына сәйкес, бөтелкелерді,, флакондарды және ұқсас бұйымдарды, пропилен пластмассаларынан жасалған қалдықтарды, кесінділерді және сынықтарды әкетуге тыйым салынады», — делінген хабарламада.
Тыйым салу отандық полимер өнімдерін өндірушілерді қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету үшін енгізілді. Осының арқасында қазақстандық пластикті қайта өңдеушілер өндіріс көлемін ұлғайта алады, бұл ішкі нарықта дайын өнім құнының төмендеуіне алып келеді.
Бұған дейін Қазақстан қаптаушылар қауымдастығының төрағасы үкіметке қатты тұрмыстық қалдықтарды елден шығаруға тыйым салуды сұраған болатын, себебі қазақстандық қоқыс өңдеу зауыттары шикізат тапшылығына ұшырады. Еліміздің қоқыс полигондарындағы қалдықтар ресейлік кәсіпорындарға кетіп жатыр, ал отандық компаниялар қоқысты шетелден сатып алуға мәжбүр.