Қазақстанда азық-түлік өнімдері өндірісінің өсуі аясында ұн өндіру көлемі 4,5%-ға төмендеді.
Атап айтқанда, осы жылдың 10 айында елімізде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6%-ға өсті, бұл ақшалай мәнде 1,8 трлн теңгені құрады. Бұл ретте ұн өндіру көлемі 4,5%-ға, өсімдік майы — 3%-ға және шұжық өнімдері — 0,4%-ға қысқарды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті.
«Заттай мәнде соңғы 10 айда жарма өндіру көлемі 5,3%-ға, крахмал өнімдері 18,7%-ға, жеміс және көкөніс шырындары 2,8%-ға, қант 2,6 есеге артты», — деп атап өтті ведомство басшысы.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың 9 айында АӨК өнімдерінің экспорты $950,5 млн құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға өсті. Бұл ретте сүт өнімдерінің экспорты 2%-ға, макарон өнімдері — 37,4%-ға, күнбағыс майы — 11,7%-ға артқаны байқалады.
«АӨК экспортының жалпы көлеміндегі қайта өңделген өнімнің үлесі 37%-ды құрайды. Бұл деңгейді өндіріс көлемін ұлғайту және экспортқа кедергілерді жою есебінен 70%-ға дейін екі есе арттыруымыз керек. Экспорттың негізгі бағыттары — ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Орталық Азия елдері, Ауғанстан, сондай-ақ Еуропа елдері», — деді Ербол Қарашөкеев.
Ол сондай-ақ, 10 ай ішінде ҚР-да тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 5,9%-ға ұлғайып, 81,8 млрд теңгені құрағанын атап өтті.