Қазақстанда жергілікті және шетелдік жеткізушілер үшін ҚҚС бойынша жағдай теңестірілуде

Шетелдік және жергілікті жеткізушілерге салынатын қосылған құн салығын теңестіру бастамасы жер қойнауын пайдаланушылардың ірі жобасын іске асыратын компанияларға қатысты.

Ол 2020 жылдың қорытындысы бойынша көмірсутек шикізаты және уран өндіру саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі шамамен 5,4 трлн теңгені құрағанын айтты. Жер қойнауын пайдаланушылардың 2021 жылға арналған сатып алу жоспары 6,8 трлн теңгені көздейді. Ондағы жергілікті қамту үлесінің болжамды көрсеткіші 46,5% немесе 3,1 трлн теңгені құрайды.

Министр отандық тауар өндірушілердің ірі жобаларға қатысу үлесінің төмендігі шетелдік және отандық өндірушілер арасында қалыптасқан дискриминациялық жағдайларға байланысты болып отыр деп есептейді.

«Осылайша, ірі операторларға берілген кедендік преференциялар нәтижесінде олар шетелдік тауарларды қосылған құн салығын нақты төлемей сатып ала алады. Ал отандық өндірушілерден тауарларды сатып алу кезінде 12% мөлшерінде салық төленеді. Бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру жолдарының бірі – Салық кодексіне өзгерістер енгізу. Бұл өзгерістер ірі жобалар үшін тауарларды жеткізу кезінде отандық өндірушілердің ішкі айналымын қосылған құн салығынан босатуды қамтиды», — деді ол.

Бұл шара шетелдік және отандық компаниялар арасындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жергілікті қамтуды қолдаудың негізгі шараларының бірі ҚР-да кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімдер жасасу болып табылады. Бүгінгі таңда көмірсутектер мен уран бойынша 282 келісімшарттың 164-і бойынша келісімге қол жеткізілді. Аталған келісімдер тауарлардағы жергілікті қамту үлесін 19,5%-дан 31%-ға дейін, жұмыстарда – 66,8%-дан 78,6%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту деңгейі де 69,4%-дан 88,8%-ға артатын болады.

Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі келесі бастама – ағымдағы жылы құрылған Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы болып табылады. Қазір орталық үш тауар тобы бойынша талдау жүргізуде: бекіту арматурасы (клапандар); электротехникалық жабдық; БӨАжА (бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика).

«Биыл Жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қоры құрылды. «Шеврон» компаниясы жергілікті қамту үлесін дамытуға $248,5 млн қаражат мөлшерінде инвестиция бөледі. Бұл компанияның республика алдындағы өзінің қайта инвестициялау міндеттемелері шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Инвестициялар технология мен IT, базалық тауарлар өндірісі және мұнай-газ секторына арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру және қоршаған ортаны қорғау салаларына бөлінетін болады. Бүгінде Қор «Астана» Халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген. Өтінімдерді қабылдау бойынша электрондық портал әзірленуде», — деді Мағзұм Мырзағалиев.

Добавить комментарий