2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтар мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызметкерлердің жалақысы 25%-ға, медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 20-30% — ға өсті.
«Жалақының өсуі өз қызметін стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (бұдан әрі – МӘМ), үйде қызмет көрсету ұйымдарында, уақытша болу ұйымдарында және жұмыспен қамту орталықтарында жүзеге асыратын басшы құрам мен негізгі персоналға (әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар, медицина қызметкерлері және т.б.) қатысты болды», — деп хабарлады ҚР Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствода еске сала кеткендей, 2020 жылдан бастап шамамен 600 мың педагогтің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, ал 2021 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды.
2023 жылға қарай олардың жалақысы екі есеге өседі.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 50%-ға өсті. Сондай-ақ, 2021 жылы әкімшілік және қосалқы персоналдың, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі МӘМ-де, үйде қызмет көрсету және уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысы қолданыстағы қосымша ақының мөлшерін лауазымдық жалақыдан 30% — дан 40% — ға өзгерту арқылы арттырылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталып, ол 591 мың адамға әсер етеді. Нәтижесінде, 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе артады.