Қазақстан қор биржасының (KASE) деректеріне сәйкес, доллар бағамы шамалы көтерілгені байқалады. Сағат 15:30-дегі жағдай бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 1,19 теңгеге көтеріліп, 447,99 теңге болды.
2024 жылғы 12-16 ақпанда Қытайдағы мереке күндеріне байланысты юань бойынша сауда-саттық жүргізілмеді. Ұлттық банк еуро мен рубльдің бағамын алдыңғы көрсеткіштерге сәйкес белгіледі: еуро — 481,03 теңге, рубль — 4,9 теңге.
Еліміздің ақша айырбастау пункттерінде доллар 448,3-450,1 теңгеден, еуро 482,5-485,5 теңгеден, Ресей рублі 4,93-5,01 теңгеден саудалануда.
Валюта бағамындағы өзгерістермен қатар мұнай бағасы да көтеріліп барады. 13 ақпандағы сауда-саттықта ICE Futures және NYMEX электрондық биржаларында Brent және WTI мұнайына арналған фьючерстер құны сәйкесінше өскені байқалады. Brent маркалы мұнайдың сәуір фьючерстерінің құны 0,29%-ға көтеріліп, барреліне 82,24 долларға жетті, ал наурыз айында жеткізілетін WTI маркалы мұнайдың фьючерстері 0,29% өсіп, барреліне 77,14 долларға жетті.