Қазақстанда базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейінде сақталды

Қазақстанның Ұлттық банкі қолданыстағы базалық мөлшерлеме деңгейі сақталғанын хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады», — делінген жұма күнгі хабарламада.

Аталып өткендей, бұл шешімге Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау, сондай-ақ инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау негіз болды.

«Геосаяси жағдай мен оның салдарының белгісіздігіне, сондай-ақ азық-түліктің әлемдік бағасының жоғары болуына байланысты сыртқы проинфляциялық факторлар сақталып отыр. Инфляцияның ішкі тәуекелдері ішкі сұраныстың орнықты болуына, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталандырушы фискалдық саясатқа және әлі де жоғары қалыптасып отырған инфляциялық күтулерге байланысты. Факторлардың жиынтық балансы орта мерзімді болашақта инфляцияны төмендету үшін 2023 жылдың бірінші жартысында базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұру қажеттілігін негіздейді», — деп түсіндірді реттеуші.

Добавить комментарий