Этникалық қазақтар тарихи отанына оралып жатыр. 2023 жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша қанша адамның қандасы мәртебесін алғаны белгілі болды.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 120,7 мың этникалық қазақ оралды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 13 569 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (55,2%) Өзбекстаннан, 19,2% – Қытайдан, 9,8% – Моңғолиядан , 8,6% – Ресейден, 5% – Түрікменстаннан және 2,3% басқа елдерден.
Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 63%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 28,4%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды.
Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 491 қандас қоныс аударды.
«Жыл басынан бері 653 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 431 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 653 адам біржолғы субсидия алды, ал 334 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды», — деп толықтырды Еңбек министрлігі.
Еске сала кетейік, биыл пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша кандас мәртебесін беру механизмі іске қосылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады.