Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында ағаштарды заңсыз кескені үшін жазаны күшейту мәселесі қаралды.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында орман ресурстарын қорғау және қалпына келтіру мәселелері қаралды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Атырау облысының әкімі М. Досмұхамбетов баяндама жасады.
ҚР мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы ел аумағының 11% ын құрайды (30 млн гектардан астам). Республиканың орманды жерлері — 4,8%.
Мемлекет басшысы бес жыл ішінде орман қорына 2 млрд, елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл Қазақстан 2018 жылы қосылған «Бонн шақыруы» жаһандық бастамасы аясында орманды жерлердің деңгейін арттыруға және елдегі экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.
ҚР «жасыл» қорының айтарлықтай өсімін қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылдың желтоқсан айында Үкімет өсімдік әлемі нысандарын сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізеді. Ол қатынастарды реттеуге, сондай-ақ жасыл желектерді пайдалану кезінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған.
Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілікті күшейтетін түзетулер әзірленді. Сонымен қатар кесілген ағаштардың орнына өтемдік отырғызу бойынша нормаларды ұлғайту жоспарлануда.
Премьер-Министр экология, ауыл шаруашылығы, индустрия, қаржы министрліктеріне өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп екі ай мерзімде ормандарды қалпына келтірудің және ағаш өсірудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Өңірлердің әкiмдiктерiне елдi мекендер мен мемлекеттiк орман қорындағы жасыл желектердiң жай-күйi мен пайдаланылуына мониторинг, түгендеу, бақылау, орман қорғау қызметтерiн материалдық-техникалық және кадрлық жабдықтауды нығайту жөнiнде шаралар қабылдау тапсырылды.