Қазақстанда 23,2 млн тонна шөп дайындалды

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда 23,2 млн тоннадан астам шөп дайындалғандықтан, қыстан аман-есен шығамыз деп мәлімдеді.

Қазақстанда малды қыстан аман-есен алып шығу үшін 23,2 млн тонна шөп, 1,5 млн тонна пішендеме, 1 млн тоннадан астам сүрлем, 2,9 млн тонна сабан дайындалды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

«2021 жылдың 22 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 23,2 млн тонна шөп жиналды. Бұл жоспардың (23,8 млн тонна) 98%-ға орындалғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, 1,5 млн тонна (94%) пішендеме, 1 млн тоннадан астам (53%) сүрлем, 2,9 млн тонна (61%) сабан дайындалды. Малға беретін екпе шөп алқабы 3,2 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық, Ал малға жем ретінде берілетін дақылдардың егіс алқабы 2,6 млн гектар», — делінген ведомство хабарламасында.

Мал азығы құнының қымбаттауына байланысты бірқатар облыс әкімдіктері (Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, СҚО, Атырау, Шымкент қ.) жем-шөп сатып алу құнын арзандату үшін жергілікті бюджеттен 13,6 млрд теңге қаржы бөлді.

Ақтөбе облысы биыл 6,7 млрд теңге бөліп, облыстың барлық агроқұрылымдарын субсидиямен қамтыды.

Биыл тамыз айының 23-нен бастап малға беретін шөп түрлерін республика аумағынан шығаруға уақытша тыйым салынды. Сондай-ақ малға жем ретінде беретін дақылдар экспортын квоталау жөніндегі бұйрықтың жобасы әзірленді.

«Мал азығымен қамтамасыз ету мәселелері министрлік пен облыс әкімдіктерінің тұрақты бақылауында. Министрлік тарапынан мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, инвестициялық субсидиялау бойынша өткен жылы жем-шөп жинау және дайындау техникасының құнын өтеу нормативтері 50%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ суару жүйелерін сатып алуға арналған нормативтер де ұлғайды», — делінген АШМ хабарламасында.

Добавить комментарий