Қазақстанда 2006 жылғы үлгідегі банкноттарды мерзімсіз айырбастау кезеңі енгізіледі

ҚР Ұлттық банкі 12 маусымнан бастап 2006 жылғы мен одан кейінгі шыққан банкноттарды айырбастайтынын жариялады.

«2021 жылғы 12 маусымнан бастап Ұлттық банк 2006 жылдан бастап және одан кейін шыққан банкноттарды мерзімсіз айырбастауды енгізеді», — делінген қаржы реттеушісінің жұма күнгі хабарламасында.

Ақпаратқа сәйкес, жаңа банкнот шыққан жағдайда, 12 ай ішінде ескі банкнот қатар қолданыста жүреді және ескі банкнот та, жаңа банкнот та заңды төлем құралы болады және оларды бір жыл бойы барлық төлем түрі бойынша қабылдауға міндетті.

Қандай да бір банкнот айналымнан шыққаннан кейін оны 3 жыл мерзім ішінде Ұлттық Банктің филиалдарынан да, екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) бөлімшелерінен де, «Қазпошта» АҚ кеңселерінен де айырбастап алуға болады.

«Егер сіз белгілі бір себептерге байланысты айналымнан шыққан банкноттарды үш жыл ішінде ЕДБ пен «Қазпошта» АҚ кеңселерінде айырбастай алмай қалсаңыз, онда Ұлттық Банктің филиалдары оларды мерзім бойынша шектеусіз қабылдайды», — делінген ақпаратта.

Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда «Ақ жол» фракциясының мәжілісмендері Досаевқа жүгініп, ескі банкноттарды айырбастау тек облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан Ұлттық Банктің филиалдарында ғана жүргізілгенін, ал теңге ақша бірлігі және «Республика аумағында нақты құны бойынша қабылдауға міндетті заңды төлем құралы» болып табылатынын айтты. Ұлттық банктің ескі банкноттарды қабылдамайды және заңды төлем құралы болып табылмайды деген мәлімдемесіне келсек, парламентшілер «мұндай шешім қазақстандықтардың ұлттық валютаға деген сеніміне нұқсан келтіреді» деп атап өтті.

«Қазірге дейін халықта адал еңбекпен жиналған 1993-94, 1996, 2000, 2006 ж.ж. ескі купюралы банкноттар сақталған. АҚШ банктері әлі күнге дейін шығарылған жылына қарамастан, долларларды соның ішінде, көне банкноттарды қабылдайды. Германияда еуро енгізілгеннен кейін 19 жылдан астам уақыт өткен соң маркалар бұрынғысынша бундесбанктің барлық филиалдарында айырбастауға шектеусіз қабылданады — бұл процедура ешқандай шекті мерзімімен шектелмеген. Осыған байланысты аталған номиналдардың банкноттарын айырбастау мерзімін ұзарту қажет деп санаймыз. Сонымен қатар, Ұлттық банк филиалдары жоқ елді мекендерде ЕДБ банкноттарын айырбастау операцияларын жүргізу, ал Ұлттық банк филиалдарында айналымнан шыққан кез келген теңгені мерзімсіз айырбастауды тапсырды», — деді депутаттар.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың қазақстандық БАҚ-та жарияланған жауабында банкноттарды мерзімсіз айырбастау кезеңін енгізу туралы уәде берілген.

Добавить комментарий