Қазақстан коронавирус пандемиясына байланысты қиындықтарды еңсерді. Еліміз күрделі дағдарысты бастан өткеріп жатқанына қарамастан, біз экономикалық құлдыраудан жалтара алдық. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңесте айтты.
«Бұл жерде үкімет жақсы жұмыс істегенін айту керек. Үкімет бизнесті ынталандыру бойынша қадамдар жасады, халықтың осал топтарына көмек көрсетті. Жақында Дүниежүзілік банк еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасына жоғары баға берді», — деді Мемлекет басшысы.
Ол сондай-ақ бүкіл әлемде пандемияның екінші толқыны жаңа міндеттер мен қажетті шаралар жиынтығын және келер жылы дағдарысқа қарсы шараларды жалғастыру үшін тиісті ресурстарды алға тартатынын атап өтті.
«Менің тапсырмам бойынша әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауына және коронавирустық инфекцияның жаңа толқынына ден қоюдың кешенді жоспары әзірленді. Алайда бүгінгі алаңдатарлық оқиғалар, атап айтқанда, Ресейге санкциялық қысымның күшеюі, Кавказ маңындағы, көрші мемлекеттердегі жағдайдың шиеленісуі, басқа да сыртқы факторлар біздің дағдарысқа қарсы жоспарларымыз бен болжамдарымызда барабар есепке алуды талап етеді», — деп атап өтті президент және Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп жоспарды өзектендіруді тапсырды. Құжат Әкімшілікке қазан айының соңына дейін келісуге ұсынылуы тиіс.