Қазақстан мен Үндістанның ресми тұлғалары кездесіп, елдердің қауіпсіздігі, қазіргі кезеңдегі қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады және үндістандық бірнеше әскери бөлімдерді аралады.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Үндістан Республикасына ресми сапар жасады.
Үндістан қорғаныс министрі Раджнат Сингхпен өткен кездесу барысында бітімгерлік, жауынгерлік даярлық, киберқауіпсіздік, әскери білім мен ғылым саласындағы тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Үндістан Премьер-министрінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Аджит Довалмен өңірлік және жаһандық қауіпсіздік, қазіргі кезеңдегі қауіп-қатерлер айтылып, сол сияқты лаңкестікке, короновирустық инфекция пандемиясына қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты пікір алмасты.
Сапар аясында генерал-лейтенант Н.Ермекбаев бірқатар әскери бөлімдерді аралап, ол жерде жауынгерлік даярлықтың, тактикалық іс-қимылдың, әскерді басқару тәсілдерінің ерекшеліктерімен танысты.