Бейсенбі күні жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ, әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне салтанатты түрде ордендер мен медальдар тапсыру рәсімі өтті. Қазақстан Президенті жиынға қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады. Рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) кейбір елдерінде болып жатқан қақтығыстарға алаңдаушылық білдірді. Және әлемдегі тұрақсыз жағдайда әскер мен барлық Күштік құрылымдары сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым сақадай-сай дайын болуға тиіс екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметі рәсім өткізілгені туралы және Президенттің онда сөйлеген сөзінде қандай маңызды мәселелерді қозғағаны туралы хабарлады.
«Сарапшылар алпауыт мемлекеттер арасындағы тартыстарды қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі ахуалмен теңестіруде. ТМД аумағында, тіпті, іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда болып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйткілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл – бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқаны кеңге салмай, ұлттық қорғаныс ісінде темірдей тәртіп сақтауымыз керек. Біздің әскеріміз және барлық Күштік құрылымдар сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым сақадай-сай дайын болуға тиіс», — деді Тоқаев.
Рәсім барысында ол жиынға қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады.