Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беруге тыйым салуды тапсырды

Шетелдіктер Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға ала алмайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заң жобасын әзірлеуді тапсырды.

«Халқымыз үшін жер мәселесі әрқашан өте маңызды болды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Мен қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен келесі шешім қабылдадым.

Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты.

Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент әкімшілігіне тиісті заң жобасын әзірлеуді тапсырамын «, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің отырысында.

Бүгінгі таңда мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері шетелдіктерге меншікке және жер пайдалануға берілмейді. Бүгін Президент шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беруге толық тыйым салуды ұсынды.

Бұған дейін шетелдік инвесторлар мен шетелдік азаматтар байқауға қатысып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін 25 жылға дейін жалға ала алатын. Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар сатып ала алмайды.

Шетелдіктерге жер беру мәселесі қазақстандық қоғамда әрдайым өткір болды. Президент ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де мүлдем тыйым салып, оған нүкте қоюға шешім қабылдады.

Добавить комментарий