АҚШ пен Қазақстан стратегиялық әріптестік бойынша диалогқа дайындалуда

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Тоқаевтың президенттігі тұсында жүргізілген саяси және экономикалық реформаларға қолдау білдірді.

Энтони Блинкен 26 қарашада Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен телефон арқылы сөйлесті, оның барысында тараптар кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы алдағы келіссөздерді талқылады.

Бұл туралы дүйсенбі күні жарияланған Мемлекеттік департамент баспасөз қызметінің басшысы Нед Прайстың жазбаша мәлімдемесінде айтылған.

«Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен 26 қарашада Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығы туралы, сондай-ақ кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы алдағы АҚШ-Қазақстан диалогы туралы әңгімелесті», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Қазақстанда 20 қарашада өткен президент сайлауын талқылады.

Блинкен Құрама Штаттар тарапынан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларын қолдайтынын мәлімдеп, республиканың гүлденуі мен Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін оларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.

 

Сейсенбі күні Қазақстан СІМ баспасөз қызметі келіссөздер барысында тараптар кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетудің кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті проблематика талқыланғанын хабарлады.

«М.Тілеуберді 2022 жылғы 20 қарашада өткен президенттік сайлаудың қорытындылары жөнінде Э.Блинкенді егжей-тегжейлі хабардар етіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың демократиялық реформаларын Вашингтонның қолдайтынын растаған АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесі үшін алғыс айтты», — деп хабарлады республиканың сыртқы саясат ведомствосы.

Добавить комментарий