Қазақстан мен Өзбекстан одақтастық қатынас орнатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы қос елдің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің шағын шеңберде өткен келіссөздері барысында айтылды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын құрамда өткен мазмұнды кездесуден кейін екі елдің ресми делегациялары мүшелерінің қатысуымен келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік салалары бойынша кооперацияны дамыту мәселелеріне баса мән берді. Сондай-ақ су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастық мәселесі талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мызғымас достыққа, тату көршілік пен стратегиялық ықпалдастыққа негізделген Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көпжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-өзбек ынтымақтастығы барлық салада бұрын-соңды болмаған шыңдарға көтерілді. Құрметті Шавкат Миромонович, осы оң үрдіске Сіз сүбелі үлес қостыңыз», — деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев шағын құрамда өткен келіссөздің мазмұнды болғанын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда айналымының рекордтық деңгейге жеткенін және бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылып отырғанын айтты.
«Біз көп қырлы ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері бойынша мүдделеріміз бен ұстанымдарымыздың ортақ екенін тағы да дәлелдедік. Елдеріміз арасында орнатылған жақын әрі бауырластық байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Жаңа ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтарымыздың осы сапарға ризашылық танытып жатқанын айтты. Шын мәнінде, шекара маңындағы екі елдің де тұрғындары қатты қуанады. Себебі біз жиі кездескен сайын өзара қатынастарымыз жақсара түседі. Машина жасау, энергетика, электротехника, химия, жеңіл өнеркәсіп, банктер және басқа да салардағы кооперация бойынша сәтті шыққан жобаларымыз бар», — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық байланыстар туралы Декларацияға қол қойды.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.