Қазақстан мен Ресей шекарадағы шектеулерді алып тастауды жоспарлауда

Россельхознадзор баспасөз қызметі Қазақстанмен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде шекарадағы өзара шектеу шараларын алып тастау жоспарланып отырғанын хабарлады.

«Россельхознадзор басшысының орынбасары Константин Савенков Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Нұртазинамен келіссөз өткізді. Тараптар жануарлар арасында таралған бірқатар аурулары бойынша қолайсыз эпизоотиялық жағдайға байланысты енгізілген Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара шектеулерді алып тастау мүмкіндіктерін қарастырды», — делінген хабарламада.

Кездесуге қатысушылар жануарлар арасында кездесетін құстардың жоғары патогенді тұмауы, Ньюкасл ауруы және шошқаның африкалық обасы сияқты аурулардың алдын алу, диагностика, ауру ошақтарын оқшаулау және жою туралы өзара ақпарат алмасу мәселелерін талқылады.

«Тараптар осы аурулар бойынша аумақты аймақтандыру мәселелері бойынша бірыңғай тәсіл туралы келісімге келді, өзара шектеулерді алып тастау мүмкіндігін қарастыруға, сондай-ақ қаралған мәселелер бойынша ресми хаттармен алмасуға келісті. Кездесу соңында Константин Савенков пен Гүлжан Нұртазина екіжақты сауданы дамытудағы кәсіби көзқарастары үшін бір-біріне алғыс айтып, ынтымақтастықтың қол жеткізілген деңгейіне өзара қанағаттанушылық білдірді», — делінген ресейлік ведомствоның хабарламасында.

Добавить комментарий