Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі Қазақстан мен Катар арасындағы әуе қатынасы туралы келісім жобасы келісілгенін хабарлады.
«2021 жылғы 20-21 қарашада бірінші рейстің ашылуы аясында Қазақстан Республикасының Қатардағы Елшілігі, «Air Astana» және «Qatar Airways» әуекомпаниялардың өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекетінің авиациялық билік органдары арасында екіжақты келіссөздері өтті», — делінген хабарламада.
Қазақстан делегациясын ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің Төрағасы Т.Ластаев, ал Қатар тарапын Қатар Азаматтық авиация әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Мохамед Фалех Әл-Хаджри басқарды.
«Келіссөздер барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін, оның ішінде Әуе қозғалысы және екі ел арасындағы әуе қатынасын одан әрі кеңейту туралы үкіметаралық келісімнің жобасын талқылады», — деп хабарлады ААК.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды, оған сәйкес Әуе қатынасы туралы келісім жобасының мәтіні келісілді.
«ҚР мен Катар арасындағы өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша 2019 жылы Қазақстан мен Катар арасында тікелей рейс ашылғанын атап өту қажет», — деп толықтырды ведомстводағылар.