Қазақстанда коронавирус инфекциясының омикрон-штаммының жаңа түрі таралып жатыр. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы айтты.
Коронавирустың жаңа штаммы «Эрис» деп аталады.
Ажар Ғиният мутациялар мен жаңа штаммдарды дер кезінде анықтау мақсатында ай сайын коронавирусқа генетикалық талдау жасайтынын айтты.
«Біз ай сайын елімізде жаңа штамм таралып жатыр ма, жоқ па, вирустың түрі өзгерді ме, соны білу үшін генетикалық талдау жүргізіп отырамыз. Соңғы генетикалық зерттеулер елге Эрис штаммы келгенін көрсетті. Вирус мутацияға ұшырап және оның әр түрлі штаммдары тіркелуде», — деп хабарлады Ажар Ғиният.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы «Эрис» штаммының алғашқы белгілері қандай екенін айтты.
Бәрі тамақ ауыруы, мұрыннан су ағу, жөтел және кеуде қуысының қысылуынан басталады.