Мамин коронавирустың таралуына жол бермеу мәселелері бойынша кеңес өткізді

Қазақстан Премьер-Министрі COVID-19 вирустық инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.

Коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі А. Цой, ішкі істер министрі — Е. Тұрғымбаев, ақпарат және қоғамдық даму министрі — А. Балаева, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев, сондай-ақ Павлодар облысының әкімі А. Скаков пен Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбаев баяндады.

Үкімет басшысы шектеу шараларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету бойынша мониторингтік топтар қызметінің тиімділігінің төмендігін, азаматтардың карантиндік режимді және бизнес субъектілерінің санитарлық талаптарды сақтауын қамтамасыз ету, байланыста болған адамдар мен науқастарды қадағалау бойынша жұмыстың нашар екенін атап өтті.

Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әуе компанияларына ПТР-тестінің нәтижесі туралы анықтамасы жоқ жолаушыларды ұшаққа отырғызуға тыйым салғызуды тапсырды. Рентген-аппараттарды, жылжымалы медициналық кешендерді жеткізуді жеделдету тапсырылды.

Денсаулық сақтау министрлігіне өткізу пункттерінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қатаң бақылауды қамтамасыз ету, бір апта мерзімде жеке қорғану құралдарының бағасын төмендету бойынша шаралар қабылдау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, байланыста болған адамдарды, науқастарды қадағалау жөніндегі бағдарламаларды енгізу, субъектілердің цифрлық технологияларды пайдалана отырып санитариялық талаптарды сақтауын мониторингілеу жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Өңір әкімдеріне екі күн ішінде карантиндік режимді сақтау бойынша ұйымдастырылған ұжымдардың басшылығымен арнайы кеңестер өткізу, мектептер мен медициналық ұйымдарда санитарлық режимді сақтау бойынша жұмысты ұйымдастыруды жеке бақылауға алу тапсырылды. Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне апта соңына дейін «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, СОО қызметіне санитарлық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізуді тапсырды. Бұл ретте белгіленген талаптарды бұзушыларға қатысты олардың жұмысын тоқтата тұруға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын болады.

Отырыста жергілікті атқарушы органдар өз жұмысында ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулыларын басшылыққа алатыны атап өтілді. Бұл ретте, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты өңірлердің бас санитарлық дәрігерлері қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдай алады.

ВАК бірқатар шешімдер қабылдады:

  1. Мектептегі оқыту бойынша екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшірілсін; ата-аналардың өтініші бойынша кезекші сыныптарда — 1 сыныптан 5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде — 7 сыныпқа дейін оқуға рұқсат етілсін. Бұл ретте санитарлық-дезинфекциялық режимді, бетперде режимін, шахмат ретімен отырғызуды және әлеуметтік қашықтықты сақтау міндетті.
  2. Театрлар мен мешіттердің жұмысы бойынша. Ағымдағы жылғы 2 қарашадан бастап рұқсат етілсін: театрлардың жұмысы 30%-ға дейін толтығумен, бірақ залда 100 адамнан асырмай (әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимін, термометрияны, күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтау); жұма намазын қоспағанда, мешіттерде (бес намаз), бірақ залда 100 адамнан асырмай ұжымдық намаз өткізу (намаз кезінде 2 м әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимін, термометрияны, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау).

Шіркеулер мен басқа да ғибадат мекемелері қалай жұмыс істейтінін Министрлер кабинетінің баспасөз қызметінде хабарланған жоқ.

Добавить комментарий