Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінде американдық және неміс өндірісіндегі коронавирусқа қарсы вакцина алу мүмкіндігін қарастырып жатқандығы туралы айтылды.
Pfizer (АҚШ) және BioNTech (ГДР) компанияларының хабарлауынша, олардың коронавирусқа қарсы вакцинасы сынақ кезінде 90%-дан астам тиімділігін көрсетті.
Денсаулық сақтау министрлігі америкалық Pfizer компаниясынан вакцина сатып алу мәселесін пысықтайтын болады. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков мәлім етті.
«Бұл ақпарат кеше ғана пайда болғанын білесіздер. Біз де БАҚ арқылы білдік. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені шұғыл түрде пысықтайтын болады. Біз бұл бағытта кешенді қадамдарды ескеріп келеміз, отандық, РФ, басқа да вакциналар бар. Бұған дейін үшінші кезең ешкімде аяқталған жоқ. Аталған вакцинаны тіркегеннен кейін біз тиісті шараларды қабылдайтын боламыз. BioNTech компаниясымен де, Pfizerмен тең құрылтайшыларымен де», — деді ол журналистің сұрағына жауап бере отырып.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше америкалық Pfizer мен неміс BioNTech компанияларының коронавирусқа қарсы әлеуетті вакцинасы 90% тиімділігін көрсетті деп хабарлады.
Сынақтардың үшінші кезеңі шілденің 27-і күні басталды, оған 43 мың адам қатысты, олардың шамамен 40 мыңы әлеуетті вакцинаның екінші дозасын алды.
Компаниялар қараша айының ортасына дейін вакцинаның қауіпсіздігі туралы ақпарат жинайды, содан кейін барлық ақпаратты АҚШ-тың Тамақ өнімдері мен дәрілік заттардың сапасын бақылау басқармасына береді. Америкалық БАҚ егер америкалық реттеуші вакцинаны шұғыл түрде мақұлдаса, оның алғашқы дозасын биылғы жылдың соңына қарай медицина қызметкерлері ала алады деп отыр.