Қазақстан Корея Республикасымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин мен Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Пак Бен Сок екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелеріне қатысты онлайн форматта келіссөз өткізді.

Бұл ретте Нұрлан Нығматулин мен Пак Бен Сок екі ел басшыларының арқасында дамып келе жатқан Қазақстан мен Корея Республикасы қарым-қатынастарының стратегиялық сипатын атап өтті.

«Қазақстан-Оңтүстік Корея қарым-қатынастарын тереңдетіп, берік іргетасының қалануында Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі зор, соның арқасында елдеріміздің өзара іс-қимылы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Бүгінде қалыптасқан Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық әріптестік пен достықты тереңдету Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жалғастыруымен одан әрі нығайып келеді», — деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Спикерінің айтуынша, Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннің 2019 жылғы сәуірде Қазақстанға мемлекеттік сапары Сеул мемлекетінің екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға мүдделілігін көрсетті. Сапар барысында қол қойылған «Таза жел» жаңартылған экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы үлкен перспективаға ие.

Нұрлан Нығматулин сондай-ақ оңтүстіккореялық әріптесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси реформалар туралы айтып берді.

Өз кезегінде Ұлттық Ассамблея Төрағасы Пак Бен Сок Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.

«2021 жылды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы жылы деп жариялады. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген толағай табыстары негізінде Еуразия елдерінің экономикалық, саяси және мәдени орталығы ретінде жаңа деңгейге шығуына тілектеспін. Қазақстан Республикасы — Еуразия құрлығының жүрегі және даму әлеуеті шексіз ел. Қазақстан Корей түбегінде бейбітшілік орнату мәселесінде де маңызды серіктес», — деп атап өтті Пак Бен Сок.

Тараптар екі ел парламентшілері арасындағы диалогты дамытуға ерекше назар аударып, бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар желісі бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуді, сондай-ақ заңнамалық қызмет бойынша тәжірибе алмасу жайында пікір алмасты.

Нұрлан Нығматулин мен Пак Бен Сок парламентаралық ынтымақтастық Қазақстан-Оңтүстік Корея қарым-қатынастарының маңызды бөлігі ретінде екі ел халықтарының әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Добавить комментарий