Ауыл шаруашылығы министрлігі жер саудасы туралы жалған ақпаратты жоққа шығарды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік желіде жарияланған қытайлық сайттарда Қазақстандағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпаратты жоққа шығарды.

ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 24-бабының талаптарына сәйкес, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды, яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн шетелдіктерге беруге қатаң тыйым салынғанын атап өтеміз. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке және жер пайдалану құқығымен беруге жол берілмейді. Әлеуметтік желіде жарияланған Қытай елінің сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпарат жалған екендігін мәлімдейміз.

Добавить комментарий