Премьер-Министр құс тұмауына қатысты жағдайға түсініктеме берді

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында Қазақстанның кейбір облыстарында құс тұмауының таралу жағдайы бақылауда екенін атап өтті.

АӨК бәсекеге қабілеттілігі көбінесе ветеринарлық және фитосанитарлық жағдайға байланысты. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Мемлекет осы салаларды дамытуға аса көңіл бөледі. Халықаралық эпизиотикалық бюроның мәліметінше, Қазақстан бірқатар қауіпті аурулар (аусыл, жылқы мен шошқаның африкалық обасы, шошқаның классикалық обасы бойынша) бойынша қауіпсіз ел деген ресми халықаралық мәртебесіне ие. Дегенмен, кейбір өңірлерде құс тұмауын жұқтыру фактілері уәкілетті бақылаушы органдардың қызметінде, соның ішінде жедел шаралар қабылдау бойынша бірқатар кемшіліктерді көрсетті», — деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар, оның айтуынша, бүгінде құс тұмауы бойынша жағдай тұрақтанып, бақылауда тұр.

«Дегенмен, жағдай мониторингін жалғастырып, қажет болған жағдайда жедел алдын алу шараларын қабылдау қажет. Фитосанитария саласында үлкен жұмыстар атқарылуда. Аса қауіпті зиянды организмдер мен арамшөптерге қарсы дер кезінде қабылданған қорғау шаралары ауыл шаруашылығы дақылдары егістіктерінің бүлінуіне жол бермеуге мүмкіндік берді. Биылдан бастап пестицидтердің барлық түрлерін субсидиялау тетігі іске қосылды. Әкімдіктерге бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, тыңайтқыштарды қолдануды арттыруды қамтамасыз ету қажет. Тиісті мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған», — деп жалғастырды Премьер-Министр.

Премьер-Министр сондай-ақ еліміздегі ветеринарлық және фитосанитарлық қызметтерді нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен отандық мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті ветеринарлық және фитосанитарлық қызметтердің сапалы жұмысына байланысты. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында ветеринарлық және фитосанитарлық қызметті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу міндеті тұр. Жалпы айтылған тәсілдерді мақұлдауға болады деп ойлаймын», — деп түйіндеді А. Мамин.

Добавить комментарий