Аустрия ресейлік дипломаттарды елден шығаратынын мәлімдеді

Аустрия билігі ресейлік төрт дипломатты тыңшылық жасады деген күдікпен елден шығарып жіберу туралы шешім қабылдады.

«Ресей елшілігінің екі дипломаты өздерінің дипломатиялық мәртебесіне сай келмейтін әрекеттер жасады. Сондықтан олар Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының 9-бабына сәйкес персона нон грата деп жарияланды», — делінген Аустрия СІМ мәлімдемесінде.

«Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің екі дипломаты Штаб-пәтерді орналастыру туралы келісімге қайшы әрекеттер жасады. Олар Аустрия Республикасының аумағынан кетуі тиіс», — деп мәлімдеді СІМ.

Ресейлік төрт дипломат Аустрия аумағынан бір аптаның ішінде, яғни 8 ақпанға дейін кетуі тиіс.

Аустрия президенті Александер Ван дер Беллен 1 ақпанда Украинаға келді. Ол Бучаға барып, президент Владимир Зеленскиймен кездесті, сондай-ақ генераторлар берді және бүлінген энергетикалық инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін 5 миллион еуро бөлінетінін жариялады.

Аустрия президентімен кездесу қорытындысы бойынша Зеленский аустриялық кәсіпкерлерді Ресеймен ынтымақтастықтан бас тартып, оның орнына Украинамен жұмыс істеуге шақырды.

Добавить комментарий