Сарапшы Ауғанстанда билік ауысқаннан кейін жаңа конституция қажет деп санайды.
Ауғанстанға «Талибан» қозғалысының (ҚР-да тыйым салынған) билігінде міндетті түрде республикалық конституцияны алмастыратын жаңа конституция қажет. Ауғанстан парламенті төменгі палатасының бас хатшысы Абдул Кадер Зазай Ватандост осылай деп есептейді.
«Тәліптер қолданыстағы конституцияны қабылдамайды және олардың әзірге өз конституциясы жоқ. Бірінші кезекте [мемлекет үшін] оларға жаңа негізгі заң қажет. Алайда оны міндетті түрде ауғандықтардың барлық тобы бар Лойя-джирга (Бүкілауғандық тайпалар ақсақалдарының кеңесі) бекітуі керек», — деді ол. Бұған дейін тәліптер үкімет құрамы белгілі болғаннан кейін конституцияны әзірлеумен айналысуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын.
Ел парламентінің келешегіне қатысты Ватандост Ауғанстанда «қазір мемлекеттік құрылымның республикалық түрінен әмірлікке ауысып жатқанын» атап өтті. Алайда, заң шығарушы орган таратыла ма, жоқ па деген сұраққа сұхбаттасушы жауап бермеді.
Тәліптердің үкіметті қалыптастыру үдерісі туралы айта келе, Ватандост кабинет құрамын жариялаудың кешіктірілуіне қатты мән бермеу керек екенін айтты. «20 жылдан бері Республикада үш рет сайлау өтіп, үкімет құрылды, бірақ нәтижелер мен кабинет мүшелерінің тізімін жариялау кейде жарты жылға созылатын. Сондықтан тәліптердің елді басып алғалы үш аптадан бері үкімет құрамын жарияламағаны аса маңызды емес», — деп есептейді парламентарий. Ол «Талибан» ішінде үкімет құру жұмыстарына байланысты жүріп жатқан процестерде проблема жоқ екенін және ол жақын арада жарияланатынын» айтты.
«Менің ойымша, тәліптердің жаңа үкіметінде барлық ұлт өкілдері болады. Онда 40 жылдан бері билік басында болған саясаткерлер бола ма, жоқ па, маңызды емес. Әкімшілікте кәсіби және саналы адамдардың болғаны маңызды», — деді Ватандост.