Атырау қаласының тұрғыны отбасылық жанжал шығарып үйін өртеп жіберген. Хабарланғандай, бөлмеде төрт жасар бала болған.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«22 желтоқсан күні уақыт 21:12 шамасында «102» арнасына 1992 ж.т. азаматша хабарласып, жолдасы мас күйінде үйдің есігін бұзып кіріп, үшкір затпен қорқытып жатқаны жөнінде хабарлама берген», — делінген жұма күні таратылған хабарламада.
Аталған мекен-жайға дереу жеткен Батыс-58 экипажы үйдің ішінен түтін шығып жатқанын байқаған. Олар жедел түрде әйел мен оның 4 жастағы баласын қауіпсіз жерге шығарып, өртті ауыздықтады.
Ал мас күйде келіп, әйелін қорқытып, үйді өртке ораған ер азамат жанжал үстінде полиция қызметкерлері келгенше оқиға орнынан қашып кеткен.
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері 30 жастағы әйел мен оның қызын «Аналар үйіне» орналастырып, ер азаматқа қатысты жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізуде.