Атырауда 200 орындық заманауи аурухана толық салынып, пайдалануға берілді. Ол тек екі айда жаңа модульдік технологиямен салынды. Індеттің екінші толқынына дайындық аясында салынған аурухана инфекциялық бақылаудың барлық стандарттарына сәйкес келеді.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пайдалануға берілген медициналық мекемеде болып, атқарылған жұмыстармен жеке танысты, деп хабарлайды Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Медициналық блокта әкімшілік үй-жайлар, лаборотория, компьютерлік томография және рентген, бронхоскопиялық жабдық, УЗИ және электрокардиография орналасқан. Медициналық мекеме қауіпсіздік деңгейі жоғары ақылды желдету жүйесімен жабдықталған.
Палаталарда әрбір төсекте постылық медбикені шақыру түймесі болады. Әрбір жұқпалы бокстар оқшауланған және тек арнайы чиптер арқылы ғана кіруге болады. Ғимаратта 20 реанимациялық төсек-орын бар. Жергілікті медицина қызметкерлерінен басқа, ауруханада алты ай бойы Грузия Республикасының дәрігерлері жұмыс істейтін болады.
Ең маңыздысы, жаңа медициналық мекеме Атырау облысында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырады, — деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Айта кетейік, нысанның жалпы аумағы шамамен 9 мың шаршы метрді құрайды. Медициналық нысанда 56 орындық екі палата, 16 үш орындық, 6 бір орындық және 7 екі орындық бокс жасалған.