Атақты кеңестік композитор, танымал кинофильмдер мен мультфильмдердің музыкасының авторы Геннадий Гладков 89 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл қаралы хабарды Кинематографистер одағының өкілдері РБК-ға жеткізді, деп хабарлайды Tengri Life.
Геннадий Гладковтың мәйіті 16 қазан күні таңертең Мәскеудегі Садово-Триумфальная көшесіндегі пәтерінен табылды. Шақыртуға келген дәрігерлер композитордың қайтыс болғанын анықтады. Ресейдің халық әртісі жіті жүрек-қан тамырлары жетіспеушілігінен қайтыс болды.
Геннадий Гладков 1935 жылы музыканттар отбасында дүниеге келген. Ол 100-ден астам кинофильмдердің, мультфильмдердің және мюзиклдердің музыкасының авторы. Ол «Бременские музыканты», «Малыш и Карлсон», «Зарядка для хвоста», «Как львенок и черепаха пели песню», «Голубой щенок», «12 стульев», «Человек с бульвара Капуцинов», «Джентльмены удачи», «Дульсинея Тобосская», «Формула любви», «Собака на сене», «Обыкновенное чудо», «Дом, который построил Свифт» және тағы басқаларына музыка жазған. Оның музыкасын бірден танимыз.